2017 жылы Қарағандыда генетикалық зертхана ашылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігіндегі аппараттық жиналыста өңірдегі жоғары өлім деңгейі мәселесі талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Денсаулық» Мемлекеттік бағдарламасының негізгі көрсеткіші - халықтың өмір сүру ұзақтығы, алайда ол жалпы өлім-жітім деңгейіне тікелей байланысты. Қарағанды облысындағы бұл көрсеткіш соңғы үш жылда 6,3%  төмендеді (1000 адамға шаққанда 2013 - 10,47; 2014 - 9,87; 2015 - 9,81), дегенмен республика бойынша ең жоғары өлім деңгейі біздің облыста», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Шұғыл континетті климат ауру-сырқау мен өлім-жітімге ықпал етпей қоймайды, дейді ол.  Басқарма басшысы өңірдегі қарттардың саны жастардан басым екенін атап өтті.

«Еліміз бойынша бұл көрсеткіш 7,5% құраса, оның 10% біздің облыста өмір сүреді», - деді баяндамашы.

Өлім-жітім себептерінің үштен бір бөлігі оқыс оқиғалар мен дауасы жоқ ауруларға тиесілі. «Қазіргі уақытқа дейін бұл топқа генетикалық тұқым қуалайтын аурулар да енген еді. Медициналық ғылымның дамуымен бұл патологияларды анықтау мүмкіндігі пайда болды. Ауру балалардың дүниеге келуін азайту мақсатында, 2017 жылы Қарағандыда құрсақтағы сәбиге диагностика жасауға мүмкіндік беретін генетикалық зертхана ашуды жоспарлап отырмыз», - деп хабарлады Нұрлыбаев.

Өлім-жітім себептері арасында жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары көш бастап тұр (34%).  Инфаркттар мен инсульттар да осы топ ішінде. Екінші орында онкологиялық аурулар (10,1%), ал үшінші орында - зақымдар мен уланулар (9,7%) тұр.

Соңғы жаңалықтар