2016 жылы қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдауға 7,4 млрд теңге жұмсалды - ҚР ДСӘДМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылы қарт азаматтар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдауға 7,4 млрд теңге жұмсалды, деп мәлімдеді ҚР ДСӘДМ Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Арман Өмірбаев ОКҚ-дегі баспасөз конференциясында.

Бұл туралы primeminister.kz сайтында хабарланды.

А. Өмірбаев мемлекеттік әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі - әрбір азаматты қартайған шағында лайықты қамсыздандыру екенін атап айтты.

«Ағымдағы жылы жергілікті бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, қарт азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге 6,2 млрд теңге шамасында қаражат бөлініп, сонымен қатар, 1,2 млрд-қа жуық қаражат бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бағытталды», - деп хабарлады А. Өмірбаев.

Оның айтуынша, 4,1 млрд теңге көлеміндегі біржолғы материалдық көмекті 186,6 мың адам алды, 1,4 млрд теңге 950 мың қарт азаматтарды жалпы қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдігімен қамтамасыз ету үшін бөлінді. 24,4 мың адам 116,3 млн теңгеге жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілсе, 14,4 мың азаматқа санаторлық-шипажайлық емдеуге 1 млрд теңге қаражат бөлінді, сондай-ақ, 687,3 млн теңге тұрғын үйді жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге, тісті протездеуге және көмектің басқа да түрлеріне бағытталды.  

«Қазақстанда жалғыз басты қарттар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында 343 үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері жұмыс істеуде. Онда 35 мыңнан астам жалғызбасты еңбекке қабілетсіз қарт азаматтарға қызмет көрсетіліп келеді. Өз өзіне қызмет көрсете алмайтын азаматтар үшін республикада 10 оңалту орталығы жұмыс істейді (күндізгі бөлім), онда 3 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетіледі, сонымен қатар, 6,9 мыңнан астам азамат тұратын қарт адамдар мен мүгедектерге арналған 49 медициналық-әлеуметтік ұйымдар жұмыс істейді», - деп хабарлады А. Өмірбаев.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын 1 қазанда Қазақстанда 1990 жылғы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық қарттар күні аталып өтеді. Мерекенің басты мақсаты - қоғам назарын қарт жастағы азаматтардың проблемаларына аудару. Қазіргі таңда республикада 2 млн-нан астам қария бар.   

Соңғы жаңалықтар